Ораза

Ораза – парсы тілінен енген сөз. Араб тілінде бұған «саум» делінеді. Саум – бір нәрседен алшақ тұру, адамның өз-өзін ұстауы дегенге саяды. Оразаның шариғаттағы мағынасы – таң намазының уақыты кіргеннен бастап, күннің батуына дейін Алла тағаланың разылығы үшін тамақ ішіп-жеуден, жыныстық қатынастан тыйылу. Ораза Мәдина кезеңінде, һижраның екінші жылының шағбан айында «бәдір» соғысынан кейін парыз етілген. Ислам дінінің алғашқы жылдарында әр айда үш күн ораза ұсталатын. Муаз ибн Жәбәл, Ибн Мәсғұд пен Ибн Аббас (р.а.) секілді алдыңғы қатарлы сахабалардың риуаят етуі бойынша, Нұх пайғамбардан (а.с.) бастап пайғамбарымыз Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дейінгі пайғамбарлар мен олардың үмбеттері әр айда үш күн ораза ұстаған делінген. Сонымен қатар, Пайғамбарымыз ашура күні де ораза ұстайтын. Алайда Алла тағала бұл үкімнің күшін жойып, Рамазан айында толық ораза ұстауды әмір еткен. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ораза парыз болғаннан бастап, өмірінің соңына дейін тоғыз жыл рамазан оразасын тұтқан.